Жамбыл жаңалықтар

«Мөлдір бұлақ» акциясы: Т. Рысқұлов ауданында экологиялық шара өтті

Акцияның басты мақсаты – бұлақ көздерін ашу, өзен-көл жағалауларын тазарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру.

Бүгін Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылының маңындағы «Сұлу төр» тауының бөктерінде «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында экологиялық шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
 
Табиғат аясындағы игі бастамаға ауыл тұрғындары, қоғам белсенділері, еріктілер мен жастар белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. 

Іс-шараға облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы қатысып, аталған бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» акциясы өңірде кеңінен қолдау тауып отыр.

Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов сөз алып, көпшілікке ақ батасын беріп, табиғатты аялау – әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

Акция барысында қатысушылар бұлақ көздерін ашып, айналасын абаттандырды. Жастардың белсенділігі ерекше көзге түсіп, олар ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына да атсалысты.

Еріктілердің бірі Мағжан Дәкен бұл шараның жастар үшін маңызы зор екенін жеткізді.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде өткізілген экологиялық акцияларға 18 мыңнан астам адам және 850-ге жуық кәсіпорындар мен мекемелер қатысқан. Нәтижесінде 45,8 мыңнан астам жасыл желек отырғызылып, 1,8 мың шақырым көше жолдары тазаланған. Сонымен қатар 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы абаттандырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1,8 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.
Мұндай ауқымды шаралар өңірде экологиялық мәдениеттің қалыптасуына, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыруға зор үлес қосуда.