Жамбыл жаңалықтар

Мектеп құрылыстарын жеделдетуді тапсырды

Мектеп құрылыстарын жеделдетуді тапсырды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті рет Тараз қаласын аралау кезінде бірқатар білім ошақтарының құрылыс барысымен танысты. Алдымен аймақ басшысы  Бейбітшілік көшесіндегі №2 орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстарына қанықты.  Мектеп директоры Светлана Гурская жалпы оқушы саны 1043-ті құрайтынынын тілге тиек етті.  318 орынға арналған жаңа ғимаратты мердігер «Талас Құрылыс» ЖШС  салуда. Қазіргі таңда ішкі әрлеу және реттеу жұмыстарына  15 жұмысшы, 6 техника жұмылдырылған. Облыс әкімі жұмыстардың сапалы жүргізілуін, ішкі безендіру ісі ерекше мазмұнға ие болу  тиістігін, барлық жұмыстар жаңа оқу жылына дейін аяқталып, мектеп оқушыларды қабылдауға дайын болу керектігін баса айтты.  Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің аумағын абаттандыру жайына да айрықша назар аударуды тапсырды. Келесі кезекте Бердібек Сапарбаев Жауғаш батыр көшесіндегі орналасқан  №22 мектептің 600 орынды жаңа ғимаратымен танысты. 449 оқушы білім алатын оқу ордасының құрылысымен «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС айналысуда. Нысан жоспар бойынша ағымдағы жылдың қараша айында тапсырылуы керек десек, аймақ  басшысы жаңа мектепті  мүмкіндігінше қыркүйек айының ортасына дейін пайдалануға беру қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде мердігер компания өкілі жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтауға толық мүмкіндіктері жететініне сендірді. Ал, мектептің ескі ғимараты қосымша білім беру орталығы болып қайта құрылуда.