Мектеп түлектеріне арналған кәсіби бағдар беру кездесулері өтті
Іс-шарада білім алудың маңызды тұстары айтылды
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығы бекіткен жоспарға сәйкес №58 мекемесінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының аға инспекторы әділет аға лейтенанты Шахислам Рәпілбекұлы Нұртаев Сарысу, Талас және Байзақ аудандарындағы орта мектептердің 9–11 сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру бағытында үгіт-насихат кездесулерін өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесу барысында оқушыларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты мәлімет берілді. Аталған академияда «Құқық қорғау қызметі» бағыты бойынша мамандар даярланып, сондай-ақ киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар саласына басымдық беріліп отырғаны айтылды.
Іс-шара аясында академия түлектерінің құқық қорғау органдарында және ақпараттық қауіпсіздік саласында қызмет атқару мүмкіндіктері, оның ішінде «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл» бағдарламасы бойынша жедел уәкіл, жедел басқару орталығының инспекторы және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі инспектор лауазымдары таныстырылды.
Сонымен қатар, оқыту процесінің артықшылықтары, атап айтқанда мемлекеттік грант негізінде оқу, жатақханамен, стипендиямен, азық-түлік және заттай жабдықтармен қамтамасыз ету, оқу мерзімінің әскери қызметпен теңестірілуі және оқу аяқталғаннан кейін қызметке жолдама беру тәртібі түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушыларға оқуға түсу талаптары мен құжат тапсыру тәртібі жөнінде ақпарат беріліп, болашақ мамандық таңдауға бағыт-бағдар ұсынылды.