Меркіде сән мерекесі басталды
Меркіде сән мерекесі басталды
Бүгін Меркі ауданында ASPARA FASHION WEEK MERKE дәстүрлі сән апталығы басталды. Онлайн режимде өтіп жатқан сән апталығын сәнсүйер қауым қазанның 10-ына дейін онлайн режимде ZOOM желісінде, Aspara Fashion Week, Youtube каналы, Instagram, Facebook және Aspara Fashion Week парақшаларында тікелей эфирде тамашалайтын болады. Салтанатты шараны онлайн тамашалап, тікелей байланысқа шыққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сән мерекесінің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Айта кету керек, бұл шара әлемнің 40 елінен сән киім үлгілерін жасайтын 100 дизайнерлерді және танымал 30 сән блогерлерін сондай-ақ журналистер, Еуропа мен Азия сән апталығы басшыларының басын қосып отыр. Апталықтың алғашқы күні Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Сингапур, Индонезия, Мьянма, Филиппин, Тайланд, Малайзия, Бруней, Лаос, Камбоджа, Вьетнамнан келген 30 дизайнер өз коллекцияларын ұсынатын болады. Келесі күні Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан және Тәжікстандық 22 дизайнер киімдерін көрсетсе, үшінші күні көрермен Еуропа, Африка және Америка құрлығынан келген 20 дизайнердің коллекцияларын тамашалайды деп күтілуде. Олар Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Италия, Аргентина, Венгрия, Швеция, АҚШ, Кения, Марокко, Сербия, Франция, Испания, Саха Республикасы, Кипр, Молдова, Голландия, Украина және Эфиопия сән шеберлері. Жылына бір келетін сән мерекесінің ашылуына шетелдік дизайнерлер де өз құттықтауларын онлайн жеткізді. Соның бірі эфиопиялық киім дизайнері Лулит Ауэл. Ол өз сөзінде қазақ сәнгерлерінің туындыларын жоғары бағалайтынын атап өтті.
Айжан Өзбекова