Меркідегі мердігерлер жұмысына неге салғырт қарайды – әкім жауабы
Баубековтың сөзінше, ауданда кейбір жобалардың уақытылы аяқталмауына әкімдік кінәлі емес
Бүгін ӨКҚ баспасыз алаңына Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков келіп, ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Баспасөз алаңында шенеунікке бірқатар сұрақ қойылды. Соның бірі – аудандағы тау-кен өндірісі бойынша көрсеткіш орындалмауы. Жорабек Баубековтың сөзінше, биыл жер қойнауын игерушілердің өніміне сұраныс азайған. Өйткені, өткен жылы жол құрылысына қиыршық тас керек болуына байланысты тау-кен өндірісі қызу жұмыс істеген. Ал, биыл сұраныс аз болған соң өндірілген өнім көлемі де соған сай болған.
Бұдан бөлек, Меркіде мердігерлердің жұмысына салғырт қарайтыны соңғы кезде жиі айтылып жүр. Мысалы, білім мекемелеріне күрделі жөндеу жүргізуде мердігер компания Ақтоған мен Мыңқазан ауылдарындағы мектептердегі жұмысты бірнеше айға созып жіберді. Салдарынан оқушылар ауылдағы мәдениет үйінде оқуға мәжбүр болды. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов балалар білім алып жатқан нысанның санитарлық талапқа сай келмейтінін айтқан. Мектептегі күрделі жөндеу жұмысы біткенімен, жұмысына селқос қарайтын мердігерлер мәселесі өзекті. Оның тағы бір көрінісі соңғы 3 жылда жоспарланған жол құрылысы аяқталмай, келесі жылға қалдырылуы болып отыр. Мұның саны 20-ға жуықтайды. Осындай фактілер Бабековке қойылған сұрақта қамтылды. Алайда, Меркінің әкімі «уақытында бітпеген жұмыстарда әкімдіктің кінәсі жоқ» деді. Оның сөзінше, мердігер жұмысына қадағалау тиісті деңгейде жүргізіліп отырған.