«Мойынқұмда ұрлық пен құқық бұзушылық азайған» Ауыл қалай дамып жатыр
Бүгін облыстың бас медиа алаңында ауыл әкімі Рүстем Тұрарқұл Мойынқұм ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Ауыл әкімінің сөзінше, округтегі тұрғындардың басым бөлігі мал өсіріп жан бағып отыр. Сондықтан былтыр кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 9 азамат қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге грант алған. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі сұлулық салон, дәріханалар, көтерме-бөлшек сауда дүкені, кафе сияқты округ бойынша дамыған коммерциялық нысандарда жұмыс істейді.
Жауаптының сөзіне сүйенсек, бұдан бөлек білім, денсаулық, мәдениет салаларында оң динамика қалыптасса, ауыл шаруашылығы саласында мал басының өсімі көңілді қуантады. Мәселен, кәсіпкерлік саласында жыл басынан бөлшек сауда тауар айналымы 1 млрд. 973 млн. 945 мың теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 101 пайызға орындалған.
Сонымен қатар, Мойынқұм ауылдық округінде жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 6 қылмыс болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 қылмысқа немесе 37,5 пайызға аз.
"Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында қылмыс тіркелмеген, жол апаты бойынша 3 дерек тіркеліп, ашылуы 100 пайызды, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша 3 қылмыс тіркеліп, ашылуы 100 пайызды құрады", - деді Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарақұл.