Мойынқұмдағы ірі өндіріс орындарына баспасөз туры ұйымдастырылды
Сапар аясында журналистер аудандағы ірі өндіріс орындарын аралап, өзекті мәселелердің шешілу барысымен танысты
Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алдымен тілшілер қауымы Мирный ауылындағы гранит тасын өндіретін «ОРГСТРОЙ» ЖШС-ға барды. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның жылдық өнім өндіру қуаттылығы 10 мың метр кубты құрайды. Алайда әлеуетті серіктестік былтыр 33 280,0 метр куб гранитті өңдеп, сатып, 471 млн теңге табыс тапқан. Кәсіпорын басшылығы енді тағы бір зауыт салып, жұмыс қарқынын үдетуді көздеп отыр.

Бұдан кейін ат басын бұрған нысан - өңірдің экономикалық тынысына серпін беріп отырған Мыңарал ауылындағы «Компания Мың-Арал» ЖШС балық зауыты болды. Өндіріс орны 2014 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылып, содан бері балық шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп келеді.

Кәсіпорын балықты мұздату және өңдеумен айналысады. Жылдық қуаттылығы – 1,5 мың тонна тоннаны құрайды. Өндіріс нысанында 61 адам еңбек етсе, оның 88,5 пайызы мойынқұмдықтар. Кәсіпорын басшысы Сергей Нидің сөзінше, биылғы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 33,0 тонна балық өңделген. Осылай деген директор журналистерге зауыт ішін аралатып, балық өңдеу процесін түсіндірді.

Аудандағы өнеркәсіп саласының өркендеуіне «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС үлес қосып отыр. Кәсіпорын жылына 1,5 млн тонна цемент өндіреді. Осылайша ел көлемінде құрылыс материалына деген сұранысты өтеуге күш салады. Ал, биылдыққа 727,7 мың тонна цемент өндіріп үлгерген.

Мыңарал ауылдық округінде жалпы 1400-ден астам тұрғын бар. Аумақтағы ірі кәсіпорындар ауыл жастарын жұмыспен қамтып отыр. Ауылдық округтің әкімі Тілеш Аманжолов компаниялар ауыл өмірін жақсарту мақсатында спорттық-мәдени орындар салып бергенін айтты.
Сонымен қатар, аудандағы «Эврика-Барит» ЖШС елімізде барит өндірісі бойынша сұранысқа ие жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыт мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті өнімдерін бірнеше мемлекетке экспорттап отыр.

Кәсіпорын құрамында қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға жететін байыту фабрикасы мен заманауи жабдықталған ұнтақтау кешені жұмыс істейді. Мұнда өнім сапасын жедел талдауға мүмкіндік беретін заманауи зертхана бар. Бүгінде кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар жұмысшыларға орташа есеппен 350 мың теңге көлемінде жалақы төленіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде.

Жалпы айтқанда Мойынқұм ауданында өнеркәсіп өндірісі қаңтар-мамыр айларында 59,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 млрд теңгеге артқан. Аталған салада биыл 784,0 кг алтын, 145,0 кг күміс, 557,9 мың тонна цемент, 358,4 мың тонна әктас, 26,5 мың тонна барит рудасы мен концентраты, 17,5 мың шаршы метр қаптау плиталары, 33,0 тонна балық, 7,7 мың текше метр гранит өнімі өндірілген.