Жамбыл жаңалықтар

Мырзатай ауылындағы мәдениет ошағына кітап оқуға келетіндер көп

Ауылдық клубта сахнамен қатар, кітапхана да бар.

Байзақ ауданында елді мекендердің мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Соңғы жылдары аудан аумағында жаңа мәдениет үйлері мен кітапханалар бой көтеріп, тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Соның бірі - Мырзатай ауылдық округінде жаңадан ашылған 120 орындық мәдениет ошағы.
Ауылдық клубтағы кітапханада түрлі кітап бар. Жергілікті ақын-жазушылардан бастап, шетелдік қаламгерлердің туындылары осындағы сөрелерден орын тапқан. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының сөзінше, бұл нысанның ашылуы ауыл жастарының рухани дамуына үлкен серпін берген. Қазірдің өзінде жазғы демалысты ұтымды пайдаланғысы келген оқушылар мен зейнеттегі қарияларға дейін кітапханаға келіп, түрлі шығармаларды парақтайды екен. 

Байзақ ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі КММ-сі тапсырысы аясында құрылысын мердігер «Ник Тараз» ЖШС  жүргізген ғимараттың жобалық құны 266 911,5 мың теңгені құраған.
 Онда 6 қызметкер, 4 үйірме яғни, «Сымбат» ән үйірмесі, «Аяулы әжелер» үйірмесі, «Сөз патшасы» мәнерлеп оқу үйірмесі, «Балауса» би үйірмесі жұмыс істейді. Жалпы аумағы 547 м² құрайтын нысан елді мекендегі тұрғындардың игілігі үшін қызмет көрсетеді. 

Айта кетейік, алдағы уақытта Ақжар, Ақшолақ, Базарбай ауылдарында  мәдениет ошақтары салынбақ.  Осылайша аудандағы барлық елдімекен  мәдениет нысандарымен 100 пайыз қамтылады.