Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады
Аймақ басшысына мәселесін көтеріп 10 азамат келген
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кезекті мәрте азаматтарды қабылдады. Бұл жолы аймақ басшысына мәселесін көтеріп 10 азамат келді. Олардың қатарында Тараз қаласы мен Меркі, Талас ауданының тұрғындары бар, деп jambylinfo.kz.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қабылдауға жазылған азаматтардың басым бөлігі баспанамен қамту мәселесін көтеріп, шағымын айтқан.
Сондай-ақ тұрғындар суармалы су тапшылығы, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, балалар ойын алаңшасы мен жол салу, учаскелік полиция инспекторының жұмысын жүйелеу бойынша өтініштерін білдірді. Жұмыспен қамту, тұрғын үй сапасы және тағы басқа мәселелерді көтеріп, шешіп беруді сұранды.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев барлық мәселеге зер салып, заң талаптарына сәйкес жауап берді. Жауапты тұлғалар да келіп түскен сауалдар бойынша өз ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімі қабылдауда көтерілген мәселелер толық зерделеніп, шешімі табылғанша өз бақылауында ұстайтынын тілге тиек еткен.