Жамбыл жаңалықтар

Облыс әкімі білім беру нысандарының құрылыс жұмыстарын тексерді

Келер жылға дейін аймақта  41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылының алдында құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарының жұмысымен танысып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Облыс әкімі Байзақ ауданы мен Тараз қаласындағы бірқатар жаңа білім ошақтарының құрылыс алаңында болды.

Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы аяқталған. Бүгінде пайдалануға беру бойынша шаралар атқарылуда.

Ал, Тараз қаласы «Ұлы дала» шағынауданында 3 білім беру ұясының, оның ішінде екеуінің құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жүзеге асуда. Мектептің екеуі 1200, біреуі 2000 балаға шақталған. Ағымдағы жылы аталған аумақтағы бір мектепті қыркүйек айында, қалған 2-уін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ, «Бәйтерек» шағынауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан 1200 балаға арналған мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары 65 пайызға орындалып отыр.

Ербол Қарашөкеев аралау барысында жауаптылармен арнайы кеңес өткізіп, құрылыстардың сапасына жіті көңіл бөліп, білім нысандарын мерзімінде тапсырудың маңыздылығын ескертті.