Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірқатар нәзік жандарды марапаттады
Халықаралық әйелдер күніне орай К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті. Шарада аймақ басшысы өңірдің дамуына үлес қосып жүрген әйелдерді марапаттады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерекелік шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әйелдер қауымын мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы нәзік жандардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін, олардың облыстың дамуына қосып жүрген елеулі үлесін айрықша атап өтті.
Бүгінде облысымызда 46 мыңнан аса көпбалалы ана болса, оның ішінде, «Алтын алқа» иегерлері 6 мыңға жуық, «Күміс алқа» иегерлері 11 мыңнан асады. Биыл 4 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, жәрдемақылар берілген. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген әйел-аналарға ризашылығын білдірді.
Жалпы, облыста кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының 42 пайызын әйелдер басқарады. Сондай-ақ білім саласындағы қызметкерлердің 75, денсаулық сақтау саласында 85 пайызын және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтіндердің үштен екісін әйелдер қауымы құрайды.
Салтанатты жиында облыс әкімі бірқатар көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыстады. Сонымен қатар, өзге де нәзік жандарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік шара К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.