Жамбыл жаңалықтар

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қордайлықтармен кездесті

The final spritzer

Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды мәселе көтерілді

 Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Кездесуді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.


Аймақ басшысының айтуынша өткен жылы облыста экономикалық өсім 104,3 пайызды құраған. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 101,9 пайыз деңгейде (913,1 млрд. теңге) (ҚР– 102,8%) қалыптасса, ауыл шаруашылығында 488,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін былтыр 627 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның  17-і комбайн, 48-і трактор, 65-і ауыл шаруашылығы техникасы, 118-і аспалы және тіркеме техникасы және 7 қызылша жинау комбайны алынған. Осының нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8,9 пайызды құраған.

  Осыдан кейін Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындары алдында ауқымды есептік баяндамасын жасап, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы қорытындысымен таныстырып алдағы жоспарымен бөлісті. 
Аймақ басшысы баяндамашыға "Инвестициялық жобалар пульты қалыптасқан ба?" Деп сұрақ қоя келіп, бұл бағыттағы жұмыс барысын сұрады. Аудан әкімі бұл бағытта 4 ірі жобаның қолға алынғанын, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Ербол Қарашөкеев аудан басшысына инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек екенін, қажет болса көмек көрсетуге дайын екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ ауданда басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыс қорытындылары жеке-жеке талқыланып, талданды.

 

Аймақ басшысы Қордай аудан басшылығына биыл кемі екі кен байыту фабрикасы салынып, жұмыс істеу керектігін, алтын өндірісі жанданып, олардан салыққа екі миллиардтан аса қаржы түсуі керектігін қатаң ескертті. Жиын барысында тұрғын үй құрылысы, аудандағы азық-түлік бағамын тұрақтандыру, әлеуметтік сала мен құқық қорғау бойынша да мәселелер жан-жақты қаралып, сараланды.
Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мықтыбек Алтыбайұлы Қордай ауылындағы орталық стадионды заман талабына сай қайта жабдықтауды сұрады. Ал аудандық мәслихаттың депутаты, көпбалалы ана Камила Дургалова бірқатар мәселені көтерді. Оның ішінде қайта жаңғыртуды қажет ететін музыка мектебі, мұражай, жастар үйі мен кітапханаға уақыт талабымен үндесетін жаңа ғимарат керек екендігін жеткізді. Бұдан бөлек, ауданда неке қию үйі, Тараз қаласындағыдай этно-мәдени орталықтар отырып бірлесе жұмыс істейтін орталық салу үшін облыстан қаржы бөлуді сұранды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы аудандық аурухана мен емханаға жаңа ғимарат керек екенін айтты. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары тарапынан жолды кеңейту, көпір салу тағы басқа да мәселелер көтерілді. 
Аудан тұрғындары тарапынан түскен бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмады. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар мен ескертпелерге жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.

Жиыннан соң облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, қабылдау өткізді.