Жамбыл жаңалықтар

Облыстық онкологиялық диспансері биыл пайдалануға беріледі

Облыстық онкологиялық диспансері биыл пайдалануға беріледі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет жұмыс барысымен аралады. Алдымен «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысты.

Сауле Жаңабекова жетекшілік ететін кәсіпорын осыдан төрт жылдай бұрын іске қосылған болатын. Фабриканың екінші кезеңі 2018 жылы жүзеге асқан.

Қазір мұнда үш өндірістік желі бойынша өнім шығарылуда. Олардың алғашқысы тәтті вафли болса, одан кейінгісі печенье және жылтыратылған вафли. Енді төртінші желіні іске қосу арқылы глазурдегі шоколад өнімдерін шығару жоспарлануда.

- Былтыр біздің фабрикамызда 1 200 тонна өнім өндірілді. Тәттілеріміз шетелдік импорттан еш кем түспейді, халықаралық стандарттарға жауап беруге қауқарлы. Фабриканың құрал-жабдықтарын Австрия, Дания, Швейцария сынды әлеуетті елдерден сатып әкелдік», - деген ұжым басшысы пандемиялық жағдай фабриканың да шаруасына кері әсерін тигізгенін жасырмады.

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев орын алған уақытша ахуалға шыдамдылық танытуға шақырды.

- Фабриканың экспорттық әлеуетін жандандырған дұрыс. Бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті әкімдік те барынша қолдау көрсететін болады, - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы келесі кезекте 200 төсек-орындық облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысымен танысты. 14-шағын ауданның тұсынан іргесі қаланған ғимаратты «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС салуда. Нысан ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Қазірдің өзінде мұнда құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып үлгерілген.

Облыс әкімі нысанның аумағын жіті аралап көріп, кейбір мәселелерге байланысты жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

- Бұл – әлеуметтік нысан. Сол себептен мұнда олқылықтарға жол берілмеуі керек. Жұмыстың сапасын мұқият қадағалаңыздар. Мемлекет қаржысының әр тиынының сұрауы бар, - деген Бердібек Сапарбаев жұмыс күшінің тапшылығына назар аударды.

Тараз қаласындағы «ARAI-ELITE» жалпы білім беретін жекеменшік мектеп-гимназиясы бір ауысымда 1 025 оқушыны еркін қабылдай алады. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін оқу ордасында 15 сынып-кешені және 41 оқу кабинеті бар.

Білім ошағының асханасы 500 адамға шақталған. Екі спорт зал және екі спорт алаңшасы орналасқан.

Мектептің ішкі дизайнына, оқушылардың алаңсыз, сапалы білім алуына жасалған жағдайға оң бағасын берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұнда «Ата-ана бақылау» жобасын іске асыруды міндеттеді. Бұл қанатқақты жобамен биылғы оқу жылында он мектеп қамтылмақ.

Зәулім ғимаратта цифрлық технология да көрініс табуы тиістігін жеткізген аймақ басшысы,  алдағы уақытта «Ата-ана бақылауы» жобасын да қолға алу қажеттін айтты.