Жамбыл жаңалықтар

Қолдан келсе, мектепке көмектес

Қолдан келсе, мектепке көмектес

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев білім ошақтарын жаңғыртуда мектеп түлектерінің көмегіне жүгіну туралы бастама көтеріп, сала мамандарына арнайы тапсырма берген болатын. Баянды тірлікті қолға алған облыс орталығындағы №56 мектепте түлектермен онлайн кездесу ұйымдастырылып, емен-жарқын әңгіме өрбіді.

Шарада аталған білім мекемесінің түлектері әр түрлі салада қызмет атқаратындығы, олардың ел дамуына қосып жүрген үлесі туралы сөз қозғалып, өскелең ұрпаққа өнеге болуы үшін мектепке демеушілік көмек көрсету туралы да әңгіме айтылды. Өз кезегінде мектептің 2001 жылғы түлектері Айгүл Найманбаева, Ғабит Абдрахманов, Жансая Таласбаева, Бақыткүл Арпабекова, Жеңіс Белгібаев, Байсейіт Қарайғанов, Айнұр Абдималикова, Әсел Пернебаевалар құны 300 мың теңге құрайтын 20 дана Тянь-Шянь шыршасын мектеп ауласына отырғызды. – Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде 11 жыл уақытты әр бала өткізіп, дүниенің кірпіші болып қаланып кете барады. Өз таңдаған саласының білікті маманы болып, ел дамуына үлесін қосады. Сол қатардан біз де қалмай еңбек етіп жүрміз. Дегенмен аяулы ұстаздарымыз бен алтын ұя мектебіміз әрдайымыз жүрек түкпірінде. Сондықтан өзіміз оқыған білім ордасының заман көшінен қалмай, жайқалып тұрғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл орайда бірнеше түлек бірігіп, өскелең ұрпаққа өнеге болсын деген мақсатта шырша ектік. Әрине бұл мақтанатын дүние емес. Бірақ өзімізден кейінгі ұрпаққа тәрбие, – дейді мектептің 2001 жылғы түлегі Ғабит Абдрахманов. Әлбетте мектепке демеушілік жасап, қарайласу – сауапты іс. Бұл орайда, мектеп бітірген әрбір түлек өзі білім алған алтын ұясына қол ұшын созуы ұрпаққа үлгі екені айдан анық.

  Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ