«Қордай жолдарында бір жылда 54 адам қаза тапқан». Үкімет Қарасу-Өтеген арасындағы жолды қашан жөндейді
2023 жылы Қордай ауданының аумағында 238 жол апаты орын алған
Сенат депутаты Бекболат Орынбеков 2024 жылдың қаңтарында, яғни, депутаттардың өңірлерді аралайтын кезінде Жамбыл облысындағы республикалық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселелермен танысқанын айтады. Соның бірі - 160 мың халқы бар Қордай ауданындағы республикалық жолдың жағдайы, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Депутаттың айтуынша, Жамбыл облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 194 шақырымды құраса, оның Қордай ауданы арқылы өтетін бөлігі 308 шақырымға созылып жатыр. Аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі жол апаттарының алдын алу мақсатында әртүрлі шараларды қолға алғанмен, апат саны да, адам шығыны да азаймай тұр дейді ол.
Бұл ретте Бекболат Орынбеков осы аудан арқылы өтетін республикалық маңызы бар 18 шақырымды құрайтын Қарасу-Өтеген аралықтағы жолдың жағдайы (шұңқыр, ойықтар) мүлдем нашар. Бұл аумақтағы жол апаттарының санын азайту үшін ең алдымен жолды күрделі жөндеуден өткізу керек.
Осыған байланысты Бекболат Орынбеков жаңа премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, өзі атаған жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін қашан және қанша қаражат бөлінетінін сұраған.
Олжас Бектеновтің атымен келген үкіметтің жауабына қарасақ, Жамбыл облысындағы жалпы ұзындығы 68 шақырым жолды жөндеу үшін 2,5 млрд теңге бөлу көзделген.
Бектеновтің жауабынан білгеніміз, ұзындығы 18 км болатын «Қарасу - Өтеген» автожолын күрделі жөндеуден өткізуге негіз болатын жобалық-сметалық құжаттама үшін биыл республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылған.