Қордайда "Ауыл – бесігі" аясында 21 жоба жүзеге асуда
Қордайда "Ауыл – бесігі" аясында 21 жоба жүзеге асуда
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында күре жолдың бойынан орын тепкен Қордай ауылының келбеті өзгерді. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында биылғы жылға 900 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Нақтырақ айтсақ, Қордай ауылында 21 жобаны іске асыруға бас-аяғы 884 млн 453 мың теңге жұмсалған. 21 жобаның үшеуі Төле би және Қазыбек би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуға бағытталса, қалған 18 жоба бойынша жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, аудан орталығындағы бірнеше көшенің жөндеу жұмыстарын мердігер компания «Арсико Строй Инвест» ЖШС-і өз мойнына алған. Қазіргі таңда Жангелді, Мәметова және Шу көшелеріне асфальт төселіп, орталықтағы ірі көшелердің бірі болып саналатын Абылайхан көшесінің 2,2 шақырымына тақтайдай тегіс асфальт салынды. Сонымен қатар, «Ақ Жол Сервис 2030» ЖШС-і де 8 жобаны жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, Төле би көшесінің бойынан ұзындығы 600 метр және Қазыбек би көшесінің бойынан ұзындығы 1160 метр жаяу жүргіншілер жолының салынғанына тұрғындар дән риза. Мұнымен қатар Абай, Ақбұлын, Бәйділдә, Шурина, Дружба, Шәріпов, Төле би, Шевченко көшелеріне жөндеу жұмыстары жасалып, аяқталуға таяу. Қысқасы, аудан орталығының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 4 мердігер жұмылдырылған. Осылайша, аталмыш бағдарлама аясында биыл жол төсемінің бірқатар бөлігі жаңартылды. Алайда, өзгерістер шынымен оң болу үшін бақылау Айта кетсек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған бұл іс, аудан орталығында жоспарланған жұмыстың бір парасы ғана. Өйткені Қордайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында да бұрын-соңды болмаған құрылыс жұмыстары қолға алынып отыр. Мәселен, аталмыш бағдарлама аясында қомақты қаражат бөлініп, үстіміздегі 2020 жылы Қордай ауылында тағы 119 нысан қолданысқа берілмек. Атап айтсақ, бұл қатарда аудан орталығындағы 88 көше асфальтталса, 8 көшеге тротуар төселіп, 9 көшеге жарық шамдары орнатылып, оншақты аулаға асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылмақ. Мысалы, бүгінде Төле би, Қазыбек би және әл-Фараби көшелеріне тротуар төселгенін көз көріп жүр. Алайда, аудан орталығындағы тротуарлар мәселесі мұнымен бітпек емес. Күні кеше Беріктас көшесіне, Төле би көшесі мен Өтеген көшесінің соңына дейін, Цемзауыт пен Шөмішке апаратын Центральная көшесіне тротуар төселуде. Сонымен қатар, Жібек жолы көшесінің екі жағындағы кеңес дәуірінен қалған тротуар түгелдей жаңартылуда. Жалпы алғанда Қордай ауылында 20 шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолын жөндеу көзделген. Мұнымен қоса, ауылдағы көпқабатты үйлердің аулаларына да асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары бой көтермек. Мысалы: Цемзауыттағы Центральная көшесінің бойындағы 5 қабатты үйдің ауласында және мектептің маңында, Жібек жолы көшесінің бойындағы 504-ші үйдің маңында, «Орталық» және «Емен саябағының» аумағында, аудан орталығындағы спорт кешені мен орталық стадион ауласында, «Болашақ» ықшам ауданында балалардың ойын алаңшалары салынатын болады. Қоғамдық көлікпен қатынайтын жандардың қамы да басшылықтың жіті назарында. Алдағы уақытта Жібек жолы көшесін бойынан су жаңа 21 аялдама бой көтереді. Бұл дегеніңіз тұрғындардың қамы үшін жасалған тағы бір оң қадам. Жалпы, Қордайдың жолдары бірсыпыра жөнделді, жарық шамдары орнатылды, тротуарлар төселді. Қордайлықтар атқарылған іске оң бағасын беріп те үлгерді.