Қордайда отбасын қолдау орталығының мобильді тобына арналған оқыту семинары өтті
Жиында негізгі бағыттар жан-жақты түсіндірілді
Қордай ауданында «Аяла» отбасын қолдау орталығының мобильді тобына арналған оқыту семинары өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін Қордай ауданында «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына» қарасты «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Мырза-Ғали Эльмира Иниятқызы арнайы қатысып, мобильді топ мүшелеріне арналған оқыту семинарын өткізді.
Семинар Қордай ауданы әкімінің орынбасары Д. Сүгірбайдың төрағалығымен ұйымдастырылып, «Аяла» отбасын қолдау орталығының мобильді тобына арналды. Іс-шара барысында FSM Social цифрлық платформасы арқылы жұмыс жүргізу тәртібі мен негізгі бағыттар жан-жақты түсіндірілді.
Айта кетейік, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексі аясында, 2025 жылғы 10 қыркүйекте аудан әкімдігінің №303 қаулысына сәйкес «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің «Аяла» отбасын қолдау орталығы» КММ құрылған болатын. Аталған орталық некені және отбасын сақтау, отбасылық жанжалдардың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік отбасы саясаты бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.
Осы мақсатта Қордай ауданы әкімінің 2025 жылғы 21 қарашадағы №77 өкімімен мобильді топ құрылып, оның құрамына 542 маман енгізілді. Барлық мобильді топ мүшелеріне FSM Social цифрлық платформасына қолжетімділік берілді.