Қордайлық имамдардың қазақ тілін үйренуге құлшыныстары күннен күнге артуда
Қордайлық имамдардың қазақ тілін үйренуге құлшыныстары күннен күнге артуда
Қордай ауданындағы мешіттерге алаш ардақтыларының сөздері жазылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты сынды кіл дүнген ұлты тұрақтаған елдімекендердің имамдары да уағызды мемлекеттік тілде айтулары тиіс. 150 мыңнан астам адам тұратын Қордай ауданында 62 мешіт бар. Аудан 19 округтен тұрады. Алайда, тек дүнген дисаспорасы шоғырланған бес округтің өзінде 35 мешіт бар екен. Осы уақытқа дейін мұндағы діни уағыз, үгіт-насихаттар хуэй тілінде айтылған. Алдағы уақытта жұма намазы мен діни мерекелердегі үгіт-насихат, уағыздар мемлекеттік тілде де қатар жүргізілуі тиіс. Өңірдегі ахуалды зерттеген комиссия осындай шешімге келген. Бір ғана Сортөбе ауылының өзінде 13 мешіт бар. Жиналған жамағатқа жақсылық пен жамандықты, діни әдет-ғұрыптарды жеткізуі тиіс имамдар қазақ тілін үйренуге кіріскен. «Ұлтым - дүнген. Жасым 25-те. Осы Нұр-Мұхаммед мешітінде наиб-имаммын. Мен бұрын қазақша сөйлемедім, қазір кішкене түсінемін, аздап сөйлеймін. Қазір барлық имамдар қазақша үйреніп жатыр. Маған да қазақ тілі қатты ұнап жатыр, үйренуге тырысып жатырмын. Бір аптада бес рет қазақ тілі сабағына қатысамыз. Бұрын мешіттерде дүнген тілінде уағыз айттық. Осы карантин кезінде қазақша үйренуге тырысып жатырмыз. Жамағат 100% дүнген тілінде сөйлеп, уағыз тыңдайды. Бір мешітке шамамен жүз шақты адам жиналып тұрады. Ауылда 13 мешіт бар», - деді екі айлық тіл курсына қатысып жатқан наиб-имам Исхар Махуаюн. Имамның сөзінше, уағызды мемлекеттік тілде жүргізуге ниеттініп жатқанмен, жамағат қазақ тілінде тыңдауға дайын емес. Сондықтан, қауымды да тілге үйрететін орталықтар көбірек ашылу керек деп санайды. Өңірдегі жағдайды зерделеген мамандардың сөзінше, хуэй халқы Қырғызстанмен шекаралас жатқандықтан, жастарының көбі сол жаққа барып білім алған. «Бейбітшілік және келісім жобасы аясында ауданда көптеген жақсы шаралар жасалып жатыр. Соның бірі - дін мәселесі. Бұл жақтағы проблеманың бірі уағыздардың дүнген тілінде айтылып келгені еді. Қазақстан Республикасында тұрғандықтан мемлекеттік тілді білу барлығының міндеті. Сондықтан аптасына екі-үш рет имамдарды жинап, сабақ жүргізіліп жатыр. Тілді толық түсінсе мәмілеге де келіп, жағдай өзгеретіні түсінікті. Уағызды қазір орыс тілінде, кейін қазақ тілінде айтқызу жоспарымызда бар. Сондай-ақ, оларға өзіміздің діни басқарма, муфтият рұқсат еткен медресе, университетке баруды да түсіндіріп жатырмыз. Келісім жоқ Қырғызстан, Пакистан сынды елдерге бармау ұсынылды», - деді Қордай ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев. Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр сынды округтерде кіл дүнген диаспорасы шоғырланған. Ондағы 35 мешіттің бәрі осы ұлттардың басқаруында екен. Алдағы күндері бұл ауылдардағы мешіттерге Абай, Шәкәрім сынды қазақтың өзге де ұлы тұлғаларының қанатты, нақыл сөздері жазылмақ. «Біздің даламыздан шыққан Абай сынды ұлылардың дінге қатысты сөздері, рухты сөздері мешіттің кіреберістеріне жазылады. Әрине, діни сөздерді ешкім алып тастамайды. Жақын арада біз бұл ауылдардағы екі мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, осы шараны жасамақшымыз. Мешіттің кіреберісінен бастап михрабқа (имам жұма уағызын жүргізетін орын - автор) дейін ұлттық нақышқа өзгертіп, тұлғаларымыздың сөздерін жазу жоспарда тұр. Дүнген ұлттары басқаратын 35 мешіт бар. Имамдары қарсылық танытып жатқан жоқ, түсіністікпен қарап отыр. Олар көбінесе діни білімді Қырғызстан мен Пәкістаннан алып келген. Бұдан былай оған барынша тыйым салынады. Енді ешкім сыртқа кетпесін деген ниетпен Масаншыда медресе де жұмыс істеп тұр. Болашақта барлық мешіттерді ұлттық нашыққа өзгерту жоспарда бар», - деді ауданның бас имамы.
Әмірболат Құсайынұлы,
Жамбыл облысы