Президент кеңесшісі Тар ӨУ студенттеріне Жолдауды түсіндірді
Жиында кеңесші ЖОО білімгерлерін Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбай М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушыларымен, студенттеріне ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндірді, деп хабарлайды Jambylinfo. kz
Мәлік Отарбай жоғарғы оқу орнының білімгерлеріне Президент Жолдауының басым бағыттарын атап өтті. Соның ішінде әділдікті ту еткен Мемлекет басшысы ынтымақ пен бірлікке басымдық беретінін жеткізді. Сондай-ақ «Адал азамат» ұғымын ширатып түсіндірді.
Сонымен қатар Президент кеңесшісі тағы «озық ойлы ұлтқа айналу», «қоғамдық мәдениет» тақырыптарына тоқталды. Әсіресе, озық ойлы ұлтқа айналу – замана ағымындағы технологиялық үдерістерге бейім, сана қоржынына керектіні кітаптан алатын жастардың қатары көп болуымен іске асатынын айтты.