Республика күні: Таразда Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті
Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысты
Республика күні жалпыұлттық мерекесінде Тұңғыш Президент саябағында Ту көтеру рәсімі өтіп, концертті бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo. kz
Бүгін - Республика күні. Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы. Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.
Маңызды күні Жамбыл облысында да ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Мәселен, таң сәріде Тараз жастары қала көшелерінде ауқымды патриоттық шеру ұйымдастырды. Байрақты биік ұстаған әсерилер, мото-байкерлер мен көліктер ұйысқан шеру орталық алаңнан басталып, Төле би көшесінің бойымен Тұңғыш Президент саябағына дейін жүріп өтті.
Сондай-ақ шаһар жұрты Тұңғыш Президент саябағында Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысып, Мемлекеттік Гимнді орындады.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Тараздықтар Республика күнінің мемлекетіміз үшін маңызды, тарихи тұрғыда өте құнды мереке екенін айтуда. Қала тұрғыны Қасымжан Байкүшіковтың сөзінше, қайта жаңғырған жалпыұлттық мереке - келешек ұрпақтың санасында мәңгі сақталады.
- 1995 жылы 25 қазанда еліміз егемендігін жариялаған. Рсепубликамыз құрылды. Бұл күн біз үшін өте маңызды. Сондықтан оны ұмытпай, ұлықтауымыз керек. Осы орайда еліміздің амандығы мен тыныштығын тілегім келеді. Әбір азамат отаншыл болуы керек. Сондықтан ел бірлігі артып, татулығы мәңгілік болсын. Елдің амандығында, бақытты, шуақты күндеріміз көп болсын деп тілегім келеді,- деді қала тұрғыны.
Мерекеге арналған салтанатты жиын өнер жұлдыздарының және облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған бұл күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы деп баға берген.
Ұлттық мерекені Республика бойынша ресми түрде атап өту осы салтанатты шарадан басталды. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірінде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтіп жатыр.