«Өрт көбейді». Жамбылда биыл 21 өрт оқиғасы болды
Оның 2-еуі бойынша қылмыстық іс қозғалған
Биыл Жамбыл облысында өрт оқиғасы көбейіп, 21 дерек тіркелді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, биыл облыста 21 өрт оқиғасы орын алған. Оның 12-сі жай отының түсінуінен болса, 4 дерек көліктердің жануынан, 2-еуі адамдардың қолынан қасақана жасалған болуы мүмкін деген болжам бар. Нартай Егембердиев шырпы тұтатқандар жөнінде қылмыстық іс қозғалып, құзырлы орган тарапынан тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кезекшіліктер ұйымдастырылған.
Облыста өртті болдырмау мақсатында бақылау жасау үшін 39 мұнара болуы керек. Басқарма өкілі дәл қазір мұның саны 30-ға жетпейтінін айта келе, жыл соңына дейін қажеттілік толық шешілетінін атап өтті. Сонымен қатар, жай отының алдын алатын құрылғылар орнату қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. Жабдықтың биыл 8 данасы орнатылады. Маманның сөзінше, өрт көбейген тұста 2020 жылы орнатылған найзағайтосқыш құрылғалар арқылы көрсеткіш төмендеген. Сондықтан табиғи апаттардың себебімен күресуге бөлініп жатқан қаржы да аз емес.