«Сапалы білім, шығармашылық, ғылым және өндіріс». ХТУ мамандар дайындау ісін жетілдіруде
Бұл туралы ЖОО мамандары айтты
Бүгінгі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті – сапалы білім, шығармашылық, ғылым және өндіріс сияқты барлық негізгі бағыттар бойынша жетекші жоғары оқу орны. Университет құрамына кіретін «Стандарттау, сертификаттау және сапаны басқару», «Стандарттау және жобаны басқару» және «Ветеринариялық медицина» мамандықтары кіретін «Стандарттау және ветеринария» кафедрасы бүгінде білім беру жүйесін коммуникацияға және стандарттау саласын жаңа индустрияландыру қажеттіліктеріне бейімдеу мақсатында, қазіргі уақытта ЖОО жүргізіліп жатқан реформаларды тереңдету кезінде туындайтын сан алуан мәселелерді шешуге қабілетті жоғары білікті мамандарды дайындау бағытында жұмыс істеуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Маманның сөзіне сүйенсек, 2024-2025 оқу жылында ашылған «Стандарттау және жобаны басқару» білім беру бағдарламасында инновациялық жобаларға тартылған инвестицияның тиімділігін арттыру жолдарымен, бизнес-жоспарларды, желілік графиктерді және стратегиялық жоспарларды әзірлеумен таныстыру секілді жобаны басқару мәселелері, мамандық бойынша басқа курстармен байланыста қарастырылады.
2023 жылы қала сыртында Байзақ ауданында орналасқан «Ветеринария және мал шаруашылығы ғылыми орталығы» пайдалануға берілді. Орталықта «Ветеринариялық медицина» мамандығының 3, 4 және 5 курс студенттері өндірістік тәжірибеден өтетін жаңа заманауи ветеринариялық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған «Ветеринариялық клиниканың» жеке ғимараты бар. Емханада бес бөлме бар: «Акушерлік және жасанды ұрықтандыру алаңы», «Клиникалық диагностика және емдеу алаңы», «Зертхана кабинеті», «Операция бөлмесі», «Ветеринариялық дәріхана», сонымен қатар душ, киім ауыстыратын бөлме, дәретхана және т.б.
Сондай-ақ орталықта 200 бас ірі қара мал ұстайтын заманауи жем-шөп цехы бар база жұмыс істейді. Жеке ғимаратта орналасқан, мал аурулары бойынша оқытуға арналған қажетті материалдармен жабдықталған аудиториялар, буфет, демалыс бөлмесі бар.
Осы орайда кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы біліктіліктерін, қолданыстағы инновацияларды, оқытудың әдістері мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады екен.
Пернекүл Маликтаеваның сөзінше, Оқу жылы ішінде кафедрада дөңгелек үстелдер, семинарлар, жұмыс берушілерді тарта отырып қонақтық дәрістер ұйымдастырылады. Жыл сайын жоғарғы сынып оқушыларына арналған «Ашық есік күндері» өткізіледі.
Айта кетерлігі, университет серіктес ЖОО жасалған келісімдер негізінде оқытушылар мен студенттерге сыртқы және ішкі ұтқырлық бағдарламасына қатысуға кең мүмкіндіктер жасалған. Осы оқу жылында И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетіне академиялық ұтқырлық аясында білім алуға «Стандарттау және сертификаттау» мамандығының 9 студенті жіберілген.