Сарысуда мемлекеттік рәміздер ұлықталды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні – ұлттық рухты көтеріп, ел бірлігін айшықтайтын аса маңызды мерекелердің бірі Бұл күн – Ту, Елтаңба және Әнұран сынды қасиетті рәміздеріміздің қадірін ұғынып, олардың мемлекет өміріндегі маңызын тереңінен түсінуге мүмкіндік береді.
4 маусым күні Сарысу ауданында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аудан орталығы – Жаңатас қаласындағы орталық алаңда ұйымдастырылған жиында үлкен Ту салтанатты жағдайда тұғырға көтеріліп, аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері мемлекеттік Әнұранды бір ауыздан орындады.
Жиын барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, рәміздердің ел тарихындағы орнына тоқталды.
Салтанатты жиыннан кейін мерекелік концерт өтті. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған патриоттық әндер көрермендерге ерекше рух пен жігер сыйлады. Концерт шымылдығы «Рәміздерім» әнімен ашылып, Қолғанат Темірбекқызы мен Мейіржан Омаровтың «Қазақ елі», Қадырбекова Раушанның «Ұлы елім» және Сарысу триосының «Көк Тудың желбірегені» атты туындылары мерекелік кештің шырайын аша түсті.
Мұндай іс-шаралар Сарысу ауданының ауылдық округтерінде де жалғасын тапты. Әр ауылда ұйымдастырылған концерттік бағдарламалар мен мәдени шаралар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ұлттық рухты көтеруге себеп болды.
Айта кету керек, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың қасиетті парызы. Бұл міндет ҚР Конституциясында айқын көрсетілген. Рәміздерге деген құрмет – елге деген сүйіспеншіліктің айғағы. Сондықтан әрбір қазақстандық көк Туды қадірлеп, Елтаңбаны құрметтеп, Әнұранды асқақтата орындауға міндетті.
Ұлттық рәміздерді ұлықтаған бұл мереке – ел бірлігі мен тұтастығының жарқын көрінісі болып қала бермек.