Саясат Нұрбек Жамбыл облысына келді

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне ресми сапармен келді.
Министр университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, профессор-оқытушылар құрамымен және басқарушы құраммен маңызды кездесу өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сапар аясында Саясат Нұрбек алдымен университет жатақханасына барып, студенттерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды көрді. Жатақхананың ішкі жағдайы, қауіпсіздік пен тазалық деңгейі, заманауи стандарттарға сәйкестігі бағаланды. Бұл – министрлік үшін жоғары білім беру жүйесін тек оқу мазмұны ғана емес, студенттің жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру арқылы көтеру қажеттігін айғақтайды.
Кездесуде министр еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің қолжетімділігіне баса назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда оқу ақысы салыстырмалы түрде төмен.
Дегенмен, тек қолжетімділік жеткіліксіз. Министр сапалы кадр дайындау, академиялық адалдық пен еңбек нарығына бағытталған практикалық білім беруді күшейтудің маңызын атап өтті.
Саясат Нұрбектің айтуынша, 2027 жылы Қазақстанда жарты миллионнан астам түлек мектеп бітіреді. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Соған сәйкес, ЖОО-дар алдында бірнеше маңызды міндет тұр. Атап айтсақ, білім беру орындарының материалдық базасын кеңейту, оқытушылар құрамын жасарту мен күшейту, оқу бағдарламаларын цифрландыру мен икемді ету, және ең бастысы – еңбек нарығы талаптарына бейімдеу.
Министр қазіргі студенттердің — альфа мен зумер ұрпақтарының — мүлде бөлек дүниетанымға ие екенін айтты. Бұл — тек ақпараттық технологияға бейімдік емес, құндылықтар жүйесінің өзгеруі, оқыту мотивациясының трансформациясы.
Саясат Нұрбектің сөзінше, қазіргі жастар – мүлде басқа когнитивтік модельмен өсіп келе жатқан ұрпақ.
Осы орайда университеттердің тек мазмұн емес, формаға, яғни кампус пен аудитория дизайнына, цифрлық инфрақұрылым мен креативті кеңістіктерге ерекше көңіл бөлуі қажет. Себебі қазіргі буын – эстетика мен функционалдықты қатар бағалайды. Білім беру кеңістігі – студенттің мотивациясын арттыратын күшке айналуы тиіс.
Кездесу соңында министр университет ұжымымен естелік суретке түсіп, білім саласында жоспарланған реформалар мен өңірлік серіктестіктер туралы пікір алмасты.