Жамбыл жаңалықтар

Сенбі күні өңір орталығында жәрмеңке өтті

Сенбі күні өңір орталығында жәрмеңке өтті

   width= Әр сенбі өңір орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Бұл жердегі өнім құны базар бағасынан әлде қайда арзан. «Grand bazaar» сауда кешеніндегі ауыл шаруашылығы тауарларының қысқы жәрмеңкелері қала тұрғындарының көптен бері қызығушылығын оятып үлгерген. Бұл жолғы жәрмеңке барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала басшысы Айтқазы Қарабалаев тауарлар ассортиментімен танысты. Кезекті жәрмеңкеде Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының, тараздық тауар өндірушілері, «Алқаптан сөреге дейін» жобасының қатысушы – жеке кәсіпкерлері, сондай-ақ облыстың тұрақтандыру қоры қалалықтарға өз өнімдерін ұсынды. Онда халыққа арзан бағамен ет өнімдері, сүт өнімі, жеміс-жидектер тб. Айта кетейік, барлық ұсынылған өнімдердің бағасы нарықтық бағадан 10-15% төмен. Облыс әкіміне Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Егеубаев Тараз сервис және технологиялар колледжінің оқу-өндірістік шеберханасында дайындалған жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерді таныстырды. Бердібек Сапарбаев нан өнімдерін сатып тұрған колледж студенттерін әңгімеге тартты. Жастар бір-екі сағаттың ішінде-ақ өз тауарларының жартысын сатып үлгергендерін жеткізді. Аймақ басшысы жәрмеңкеге қатысушыларға халыққа ұсынылатын тауарлардың сапалы, ал бағасы қолжетімді болуы тиістігін ескертті. Өйткені апта сайын ұйымдастырылып тұратын жәрмеңке қала тұрғындарына өте тиімді. Тұрғындардың айтуынша дүкендегі өнімге қарағанда табиғи өнімнің пайдасы зор екенін айтады және бағасы да тиімді дейді. Сол себепті осындай жәрмеңкелер алдағы уақытта да өз жалғасын тапса екен деген ниеттері бар. Мұнда жалпы құны 8,5 млн. теңге болатын 56,9 тонна ауылшаруашылық өнімдері өткерілді. Атап айтқанда 4,1 тонна ет, бір тонна шұжық, үш тонна сүт өнімдері, тоғыз мың жұмыртқа, 0,5 тонна өсімдік майы, 2,5 тонна макарон, төрт тонна қант, сегіз тонна ұн және 29,3 тонна жемістер мен көкөністер сатылымға шықты. Айта кету керек, мұндай жәрмеңкелер ақпан айының соңына дейін жалғасады. Келесі сенбіде Байзақ және Жуалы аудандарының шаруалары өз өнімдерін ұсынатын болады.