Серік Сәлемов қолөнершілермен кездесті
Жиында бірқатар мәселе көтерілді
Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қолөнершілермен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиынға мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, қала әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова және кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының өкілдері қатысты.
Басқосуда алдымен Серік Сәлемов сөз алып, облыс көлемінде ұлттық мұраларымыз насихаттау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес, Креативті индустрияны дамыту қоры құрылғанын және әр өңірде қордың филиалдары жұмыс атқаратын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, бүгінгі күні креаторлардың жұмысына басымдық берілуде. Осылайша олардың кәсіби деңгейлерін көтеру мақсатында наурыз айында оқыту басталады.
Бұдан соң жамбылдық қолөнершілер ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Қауымдастықтардың сәндік-қолданбалы өнерді дамытуға қатысты ортақ үнін «Sheber shanyraq» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Анар Бексұлтанова айтты.
Мәселелерді назарға алған облыс әкімінің орынбасары ұсыныстар ескерілетінін, әрі қолөнершілерді қолдау шаралары жалғаса беретінін жеткізді.
Айта кетейік, өңірде креативті индустрияларды дамыту мақсатында былтыр «Қолөнершілер үйі» креативті хабы ашылды. Осы ғимаратта қолөнермен айналысатын «Өшпес Мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер Одағы», «Шебер Шаңырақ» және «Альянс Хас шебер» қоғамдық бірлестіктері және 190-ға жуық қолөнершілер жұмыс жасайды.