Жамбыл жаңалықтар

Шу ауданында спорт алаңшалары көптеп ашылуда

Шу ауданында спорт алаңшалары көптеп ашылуда

Шу ауданында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 9 ауылдық елдімекенге жалпы құны 114,4 миллион теңгені құрайтын кіші футбол алаңдары, стритворкаут, үстел теннисін салу жұмыстары жүргізілген болатын. Енді Көкқайнар ауылдық округіндегі шағын футбол алаңы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.

Аудан аумағындағы Тасөткел, Балуан Шолақ, Жаңақоғам, Ақсу, Алға ауылдық округтері мен Сауытбек, Бірлік, Д.Қонаев, Жаңажол ауылдарында да осындай қалыптағы кіші футбол алаңшалары салынған.

Заман талабына сай салынған спорт алаңының салтанатты ашылу рәсіміне Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров арнайы қатысты. "Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз халықтың ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасауда", деді.

52

Сонымен қатар, аудан әкімі ауданда биылғы жылы бұқаралық спортты дамытуға жалпы көлемі 13,7 миллион теңге  қаражат бөлінгендігін, оның бәрі де аудандағы спортты дамытуға жұмсалғандығын айтып өтті. Бұдан кейін әкім ауыл жастарына футбол добы мен арнайы формаларды сыйға тартты. Ауыл қариялары да жаңа ашылған жасыл кілемде доп теуіп, аудан әкімі үстел теннисін ойнап көрді. Ал, аға буын өкілдері жастар спортты жанына серік етсе екен дейді.

Ағымдағы жылғы мамыр айында Төле би ауылында құны 266,0 миллион теңге болатын спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, Шу қаласындағы "Қайрат стадионы" 50,0 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілген. Шу ауданы бойынша ағымдағы жылдың басынан барлығы 42 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 10 231 адам қамтылған.

Алаңшаның ашылуынан кейін Нұржан Календеров санитарлық талаптарға байланысты ауылдың ақсақалдарымен кездесіп, бірқатар мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды. Аталған Көкқайнар ауылында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында екі көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, келесі жылдан бастап ауылға ауыз су тартылады деп жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, Саттар Естемесов атындағы мектептің жай-күйімен танысқан аудан әкімі аталған білім ошағын газға ауыстыру үшін ауыл әкіміне құжаттарын әзірлеуді тапсырды.