Жамбыл жаңалықтар

Сотталған азаматтардың жоғары білім алу мүмкіндіктері зерделенді

Шараға Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысып, сотталғандардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемеде сотталған азаматтардың жоғары білім алуға деген ниеті мен мүмкіндіктерін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Шараға Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысып, сотталғандардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.

Сауалнама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бастамасымен және бас бостандығынан айыру орындарында сотталған азаматтардың жоғары білім алуын ұйымдастыруға бағытталған ведомствоаралық іс-қимыл жоспары аясында өткізілді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандардың жоғары білім алуға деген мүмкіндіктері мен сұраныстарын егжей-тегжейлі зерттеу.

Аталған бастама сотталған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен олардың қоғамға қайта оралуын жеңілдету мақсатында қолға алынып отыр. Жоғары білім алу мүмкіндігі сотталғандарға жаңа мамандық игеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жағдай жасайды.

Шара барысында сотталғандар білім алу қажеттіліктері мен таңдаған мамандықтары туралы өз пікірлерін білдірді. Жауаптар арнайы сарапталып, жоғары білім беру саласындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге негіз болмақ.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл сауалнаманың әділ әрі ашық жүргізілгенін атап өтіп, сотталғандардың білім алуына қатысты кез келген құқықтық және ұйымдастырушылық кедергілерді жоюдың маңыздылығына тоқталды.

Бұл шара сотталғандардың тек жазасын өтеп қана қоймай, қоғамға пайдалы азамат ретінде қалыптасуына ықпал етуді көздейді. Алдағы уақытта сауалнама нәтижелері бойынша арнайы шаралар қабылданатыны және жоғары білім беру саласында жаңа мүмкіндіктер ұсынылатыны жоспарлануда.