Жамбыл жаңалықтар

"Түнгі шеру": Таразда автокортежге қатысқандардың көлігі айып тұрағына қойылды

Сондай-ақ, Lada автокөлігінің жүргізушісі қос тұтас жолақ сызығын кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылды

Түнгі рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтады. Құқық қорғау органдарының назарына жол қозғалысы ережелерінің талаптарын әдейі елемей, жол үстінде қауіп төндірген көліктер шеруі түскен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жағдайға жедел әрекет еткен патрульдік полиция қызметкерлері қауіпті маневрлердің жолын кесті. Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісінің көлік басқару құқығы болмаған және ол бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған.

Ал Toyota көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған. Аталған құқық бұзушылықтар үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тексеру барысында Hyundai автокөлігінің жүргізушісінің мас күйінде көлік басқарғаны анықталып, бұл медициналық куәландыру нәтижесімен расталды. Сот шешімімен оған 18 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, Lada автокөлігінің жүргізушісі қос тұтас жолақ сызығын кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылды. Ол 6 айға дейін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

Автокортежге қатысқан барлық көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.