Жамбыл жаңалықтар

"Түпсіз тұңғиық секілді...". Мемлекетке қайтарылған жерлер шын мәнінде кімнің меншігінде?

Жергілікті шаруалар жайылым жерлері қарапайым шаруаларға беріліп жатыр дегенге сене алмай отыр

Жамбыл облысында соңғы үш жылда ауыл шаруашылығына арналған 500 мың гектардан астам қараусыз жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Jambylinfo.kz редакциясының тілшілері облыстағы жайылымды жерлер қалай қатарылып жатқанын анықтап, қарапайым шаруалардың мұң-наздарын тыңдады. 

2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет отырысындағы мәлімдемесінен кейін ауыл шаруашылығына арналған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шаралары  басталды. Президент оларды жер теліміне мұқтаж ауыл тұрғындарына беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырған. Сондай-ақ, бос жатқан жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жер қатынастары саласының басты міндетіне айналуы тиіс екендігі айтылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер иелеріне меншігіндегі учаскелерді мақсатты түрде пайдалану міндеті жүктелгенімен, олардың көпшілігі бұл талапты орындамайды. Ал Жамбыл облысына келсек, ферма шаруаларының басым көпшілігі жайылым жерлеріне зәру. Облыс әкімдігіне қарасты жер қатынастары басқармасының мәліметінше, аймақта 700 мың гектарға жуық жайылымдық жер жетіспейді.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сай, пайдаланусыз және заңсыз қолданылып жатқан жерлерді қайтару арқылы облыстағы жайылым тапшылығын жоюға болады. Мәселен, 2021 жылдың өзінде облыстағы 106,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 2022 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық өсіп, 201,2 мың гектарға, ал 2023 жылы 201,6 мың гектарға жеткен.

Жалпы 2021-2023 жылдар аралығында Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығына арналған 508,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

 

 

 

 

Аудандар

 

 

2021

 

 

2022

 

 

2023

 
 

1

Байзақ

504

5496

10777

 

2

Жамбыл

3171

5014

11366

 

3

Жуалы

1457

5688

10203

 

4

Қордай

8731

6703

15064

 

5

Мерке

1479

5935

11003

 

6

Мойынқұм

13872

30112

41861

 

7

Сарысу

44600

71178

31592

 

8

Талас

11454

29688

27662

 

9

Т.Рысқұлов

15461

7556

18209

 

10

Шу

5907

35186

23476

 

 

Барлығы

106636

202555

201210

 

 

Жер қатынастары басқармасы өкілдері ҚР Жер кодексінің 92-94-баптарын бұзған жағдайда, жер учаскесін кері қайтарып алуға болатынын атап өтті. «Былайша айтқанда, егістік алқаптарда жыл сайын ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп, баптау керек. Ал өрісте ауыл шаруашылығы жануарлары жайылуы тиіс. Шаруа, фермер қожалығы немесе ауыл шаруашылығы өндірісіне арналған жер учаскелерінің бос жатқанын анықтағаннан кейін, тағы бір жыл пайдаланылмаса, олар мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтарылады. Мемлекет меншігіне өткен жерлер конкурс бойынша өтеулі түрде өзге жер учаскесін пайдаланушылардың уақытша пайдалануына беріледі», - деп хабарлайды ведомство өкілдері.

Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының тұрғыны Аралбек Артықов 30 жылдай асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. 20 жылдық еңбек өтілі бар теміржолшы соңғы жылдары мамандығын тастап, сүт өндіру үшін мал шаруашылығымен айналысуды ұйғарған. Қазір Аралбектің 10 бас ірі қара малы, екі жылқысы, 20 қошқары бар. Ол жайылымдық жерлердің тапшылығы ұзақ жылдар бойы аймақтың өзекті мәселесі дейді.

Ауыл тұрғындары елді мекендерден бес шақырым қашықтықта орналасқан жерлерді пайдалануға қатысты мәселені бірнеше рет билік өкілдеріне жеткізген.

Аралбек Артықов сатып алынған жеке меншіктегі кейбір жер телімдеріне дәмхана мен жанармай бекеттері салынған айтады.

 

Фермердің айтуынша, ауылдың іскер тұрғындары  90-жылдарың өзінде-ақ жайылымға жарамды жерлердің бәрін түгелдей сатып алған. Яғни, жер тапшылығы мәселесі сол кезден басталған.

Аралбек Артықов қазір Қазақстан бойынша жайылым жерлері ауыл тұрғындарының игілігіне қайтарылып жатқанын естігенмен, бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ дейді.

Ауыл тұрғыны өзінің азын-аулақ малын қоректендіру үшін, жалға алынған жерге беде, жүгері егеді. Ал малдарын үйге іргелес бес соттық жерде бағып отыр.

Жамбыл облысы Меркі ауылының тұрғыны Асқар Қызылов та жайылымдық жердің аса тапшы екенін айтады. Ол да Аралбек Артықов секілді ел аумағында ауыл шаруашылығына арналған жерлердің мемлекет меншігіне қайтарлып жатқанын естіген.

Ауыл тұрғыны жылқы бағып, қымыз бен саумал сауады. Сарымолдай ауылдық округінде 50 бас малы жайылымда.

Дегенмен, Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2024 жылы аймақтағы 80 мың гектар жерді кері қайтару жоспарланып отыр.