Жамбыл жаңалықтар

Тұрғын үйдегі өрт: Ербол Қарашөкеев оқиға орнына барды

Аймақ басшысы төтенше жағдайдан зардап шеккен әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Қарасу» (5) шағын ауданы, №15 тұрғын үйде болған өртке байланысты оқиға орнына арнайы барып, жағдаймен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Аймақ басшысы төтенше жағдайдан зардап шеккен әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Өрт 2025 жылғы 31 желтоқсан күні сағат 22:18-де Тараз қаласы, «Қарасу» (5) шағын ауданындағы 90 пәтерлі, 5 қабатты №15 тұрғын үйдің 5-қабатындағы балконнан шыққан. Жалын кейін шатырға ұласып, шатырдың жану аумағы шамамен 900 шаршы метрді құрады. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте балкон мен шатыр ашық отқа оранған.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен баспалдақ арқылы 273 адам эвакуацияланды. Өрт сағат 23:41-де толықтай оқшауланды. Оқиға орнында 3 жауынгерлік учаске, 7 су оқпаны жұмыс істеп, өртті сөндіруге 62 адам мен 22 техника жұмылдырылды. Қоғамдық тәртіпті Полиция департаментінің қызметкерлері қамтамасыз етті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайға байланысты оқиға орнында жылыту пункттері ұйымдастырылып, жедел штаб құрылды. Штаб төрағасы болып Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тағайындалды. Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, зардап шеккен тұрғындарға №25 орта мектеп базасында эвакуациялау пункті ашылды. Ал қонатын жері жоқ 20-дан астам тұрғын, оның ішінде 5 бала «Жасмин» және «24/7» қонақ үйлеріне орналастырылып, ыстық тамақпен және жатын орындармен толық қамтамасыз етілді.

Өрттің шығу себептерін анықтау мақсатында тиісті штаб жұмыстар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар тұрғын үй аумағында Тараз қаласы «Әулие ата» ауданы әкімінің орынбасары, Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен 2 техникасы, сондай-ақ полиция қызметкерлерінен құралған 2 арнайы экипаж таңға дейін кезекшілік атқарды.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков оқиға орнында болып, ахуалды бақылауда ұстауда. Төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, барлық тұрғындар шақырылып, әр пәтер бойынша келтірілген шығын көлемін есептеу жұмыстары басталды.

Қазіргі таңда мердігер ұйымдар шатыр жабындыларын алып, қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетті. Жағдай толықтай бақылауда.