«Тәуелсіздік шежіресі» атты танымдық мәдени кеш ұйымдастырылды
Кеш соңында шараға ерекше үлес қосқан қонақтарға Алғыс хаттар табысталды
Қазақстан Тәуелсіздігінің қадір-қасиетін ұғындыру, Желтоқсан көтерілісінің тарихи рөлін айқындау, жас ұрпақты ерлік пен елдікке тәрбиелеу мақсатында «Тәуелсіздік шежіресі» атты танымдық мәдени кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кеш арнау өлеңмен ашылып, ұлт жүрегінің үніне айналған жыр-толғау көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Шараның негізгі бөлігі – Желтоқсан оқиғасына арналған тарихи шолу және сол бір ауыр кезеңнің куәгерлері қатысқан дөңгелек үстел. Модератор – ақын, аға ғылыми қызметкер Ербол Қамбатыров оқиға мәнін терең ашып, қатысушылармен мазмұнды сұхбат жүргізді. Іс-шараға Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері қатысты.
Куәгерлер сол күннің шындығын өз аузымен баяндап, тыңдаушыларға үлкен ой салды.
Қонақтар: Санат Қонарбаев Бақтығұлұлы – «ПҚ Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің Тараз қалалық филиалының төрағасы. Гүлнар Тоқабаева Битанқызы – Желтоқсан оқиғасының тікелей куәгері.
Олардың естеліктері – батылдық пен бірліктің, әділдікке деген ұмтылыстың айқын дәлелі болды. Желтоқсан жастарының қайсарлығы, сол кездегі қысым мен қиындықтар, халық рухының биіктігі туралы әңгімелер көрерменнің жүрегіне терең әсер етті.
Кеш соңында шараға ерекше үлес қосқан қонақтарға Алғыс хаттар табысталды. Бұл – Желтоқсан қаһармандарының ерлігін бағалау әрі олардың елге сіңірген еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Шара Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» әнімен қорытындыланды. Әнді «Қаратау» жыр-терме үйірмесінің шәкірті Әсел Мұратқызы орындап, кештің рухын одан әрі асқақтатты.
«Тәуелсіздік шежіресі» кеші - өткенге тағзым, Желтоқсан құрбандарына құрмет және елдігімізді нығайтатын тағылымды кездесу болды.
Желтоқсан – тәуелсіздікке бастар жолдың қайсар рухы,
Тәуелсіздік – ұлттың мәңгілігінің тірегі.
Бұл кеш жас буынның бойында патриоттық сезім қалыптастырып, ел тарихына деген құрметін арттырды және Тәуелсіздіктің шынайы бағасын терең түсінуіне мүмкіндік берді.
Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері Ербол Қамбатыров