Таразда 160 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
Жамбыл облысында биыл 765 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған
5 наурыз күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев баспана кілттерін салтанатты түрде табыстап, халықтың көптен күткен қуанышты сәтіне ортақтасты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Баспанаға 2012-2015 жылдары аралығында кезекке тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, ІІ топ мүгедектері, жетім балалар мен ҰОС теңестірілген азаматтар қол жеткізді. Олардың қатарында көпбалалы ана Мөлдір Шадманова да бар.
«Ұлы дала» шағынауданында орналасқан №26 үйдің жалпы ауданы 9 600 шаршы метрді құрайды. 160 пәтерлі (2 бөлмелі) көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын «Aulet Stroy Taraz» ЖШС-сы жүргізген.
Ербол Қарашөкеев халықпен бірге үйлерді аралап, сапасын тексерді. Бұдан соң үйдің маңына 20 түп ағаш отырғызылды.
Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 765 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.
Ағымдағы жылы 2 390 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі (2024 ж. - 1 159 пәтерлі 26 көпқабатты тұрғын тұрғын үй).
Сонымен бірге тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 4,9 млрд. теңгеге 361 пәтер сатып алынады.