Таразда Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды
Ғимарат 200 орынға арналған
Бүгін, Таразда Тәуелсіздік күні қарсаңында Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы аталған мекеменің қариялар үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. Бүгінгі күнге дейін орталыққа 2000-ға жуық зейнеткер қабылданып, түрлі бағыттағы қызметтерді пайдаланған.
Бұдан соң нысан құрылысының бас демеушісі «Самұрық-Қазына» қорының өкілі, Адам ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы, Протокол қызметінің басшысы Нариман Мелдебек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, орталық жұмысына табыс тіледі.
Лента қию рәсімінен кейін қонақтар нысанды аралап, қызметімен танысты.
200 орынға арналған жаңа ғимарат зейнеткерлердің сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, белсенді әрі мазмұнды қариялық өмірді қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік маңызды жобалардын бірі.
Мұнда әлеуметтік-сауықтыру, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек және тұрмыстық бағыттарды қамтитын 7 негізгі қызмет бағыты бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, орталық аға буын өкілдеріне арналған 26 түрлі қызмет түрін ұсынады.
Айта кетейік, бүгінде облысымызда 142 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 57 мыңнан астамы – қала тұрғындары.