Таразда бірнеше сотталған азамат шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды
Бұл үшін түрме басшылығы іс-шара ұйымдастырды
Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД-ның №58 мекемесінде «Қақпа алдында кездесу» атты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл шара аясында бірнеше сотталған азамат ҚР ҚК-нің 72-бабына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Сотталғандарды бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге бейімдеу – қайталама қылмыстың алдын алу және қоғамға қайта әлеуметтендіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Іс-шара барысында босатылған азаматтарға арнайы орталыққа өтінім беру тәртібі, көрсетілетін қызмет түрлері, көмек алу жолдары, қажет құжаттар тізімі, орталықтың мекенжайы және басқа да маңызды мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі А.Т. Ниязымбетов, сотталғандарға жаңа өмір жолында дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ізгі тілектерін білдірді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, ол әрқайсысына болашаққа сеніммен қарап, жаңа өмірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Бұл шараның басты мақсаты – босатылған азаматтардың қоғамға сәтті бейімделуін қамтамасыз етіп, олардың қайта қылмысқа бармауын алдын алу болды.