Таразда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Іс-шара Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылды
Жамбыл облысында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рықұловтың 130 жылдығына орай «Ұлық тұлға» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауқымды шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, зиялы қауым өкілдері, шетелдік ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Іс-шараның шымылдығы Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігі туралы бейнеүзікпен түрілді.
Бұдан соң құрметті қонақтар президиумға жайғасып, жиынды бастады. Конференцияны ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай жүргізіп отырды.
Басқосуда алғаш болып Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Облыс әкімі қасиетті Әулиеата топырағында Тұрар Рысқұлов табанының ізі қалғанын жоғары бағалап, жамбылдықтар ұлт қайраткерімен мақтанатынын айтты. Ардақты азаматтың жасампаз идеялары мен жарқын істері бүгінге дейін ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына назар аударды.
Келелі конференцияда зиялы қауым өкілдері мен тұрартанушылар келелі пікір мен ойлы ұсыныстарын мінберде тұрып жеткізді.
Қоғам қайраткері, тұрартанушы ғалым Мұхтар Қазыбек Тұрар Рысқұловтың өмір жолын төрт кезеңге бөліп қарап, оның ерік-жігері, ойлау жүйесі, батылдығы мен басқару стилі дәл қазіргі алмағайып заманда өзекті әрі қажетті екенін алға тартты. «Тұрардың асыл мұралары өміршеңдігін ешқашан жоғалтпайды», – деді ол.
Сондай-ақ конференцияда М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы - ректор Мұхтар Байжұманов, ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы, журналист, тұрартанушы Мейрамхан Жәпек, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Сейдехан Бақторазов сөз сөйледі
Студент жастар спикерлердің тың деректерінен тағылым алып, Тұрар Рысқұловтың өнегелі өмір жолы, халқына, ұрпағына қалдырған мол мұрасына көз жүгіртті.