Таразда кітап фестивалі биыл екінші рет өтіп жатыр
Аталған шараға қатысушылар саны биыл едәуір көбейген
Тараздағы «JAMBYL Book Fest» фестивалі бүгін де жалғасады. Кітап жәрмеңкесі 23 сәуір дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында басталған, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Іс-шарада «Алқа», «Қасым», «Таймс», «Отбасы хрестоматиясы» сынды кітап баспалары мен «Букинист», «Кітап ал», «Шерхан Мұртаза» сауда үйлері өкілдері өз кітаптарын таныстырып, саудалады. Кітап жәрмеңкесіне белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, танымал тұлғалар қатысты. Соның бірі - 2013 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен кітаптар шығаратын қоғамдық қордың директоры Бағдат Құдияр.
Бұдан бөлек, шарада бірқатар қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті. Оның ішінде жергілікті ақын-жазушылар да бар. Фестиваль аясында көрерменге жол тартқан туындының бірі - «Арал – әлем тағдыры» өлеңдер мен толғаулар жинағы. Кітап авторы Мақсым Боқаев өзінің шығармаларында экологиялық аймақтың бүгіні мен болашағы турасында жазған.
Айта кетейік, кітап жәрмеңкесі елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ал, Таразда бұл үрдіс өткен жылдан басталды. Биылғы кітап фестивальі екі күнге жоспарланған. Яғни бүгін де кітап жәрмеңкесінің есігі келушілер үшін айқара ашық.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қазіргі ұрпақ «кітапқұмар» болуы керек деген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.