Таразда медицина мамандарына жаңа көліктер берілді
Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты
Бүгін Таразда Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойы аясында денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арнайы көліктер берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 20 жаңа санитарлық автокөлікті дәрігерлерге табыстап, өңірдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтты. Әкімнің сөзінше, биыл жергілікті бюджеттен 660 миллион теңге бөлініп, санитарлық көліктердің 33 данасы сатып алынып, аудандық және көпбейінді ауруханаларға берілген. Сонымен қатар, тағы 13 микроавтобус алдағы уақытта беріледі деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі 272 бірлікті құрайды. Сонымен қатар, аудандық медициналық ұйымдарында 235 бірлік санитарлық автокөлік теңгерімінде болса, оның ішінде 100% тозған 112 бірлік бар.