Таразда «QAZAQ MARATHON ZHAMBYL 2024» атты ауқымды марафон өтті
Желаяқтар спорттық шарада 3 түрлі қашықтыққа жүгірді
Таразда «QAZAQ MARATHON ZHAMBYL 2024» атты ауқымды марафон өтті. Жеңіл атлетикалық сайысқа еліміздің өзге аймақтарынан және көршілес Қырғызстан, Ресей мен Украина елдерінен желаяқтар қатысты. Аталған марафон Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл күні желаяқтар таңсәріден облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағына жиналды. Бұдан кейін, марафон ережесіне сәйкес, жарыс Тәуке хан көшесінен бастау алды. Мұнан соң, марафоншылар Төле би және Жамбыл даңғылдарының бойымен, Әйтеке би, Шостакович, Т.Рысқұлов, Б.Майлин мен Айша бибі көшелерімен жүгіріп өтіп, «Тараз-Арена» спорт кешенінің алдындағы мәре сызығын кесіп өтті. Ал, спорттық шараға қатысуышылардың алды небәрі 18 минутта-ақ көмбеге жетіп үлгерді.
Жалпы, осынау іс-шараға жалынды жасөспірімдермен қатар, алпыс жасқа аяқ басқан алдыңғы буын өкілдері де белсене қатысты. Мәселен, 10-15 жастағы жас жеткіншектер 2 километр қашықтықта өзара кім мықтыны анықтады. Олар мәре сызығынан «Баласағұн» орталық концерт залының ғимаратына дейін және кері қарай жүгірді. 700-ден астам адам бақ сынасқан желаяқтар жарысында межеленген минутта көмбеге құйғытып жеткен жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріліп, арнайы дилом табысталды. Сондай-ақ, марафонға қатысушылардың барлығына жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті бейнеленген медаль табыс етілді. Өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековтің айтуынша, жеңіл атлетлетикалық жарыс барысында қашықтыққа жүгіретін төзімді азаматтар анықталған.
Ал, жүгіруден әйелдер арасында абсолютті жеңімпаз атанған Ақбілек Тұрарбай спортты жастайынан жанына серік еткенін атап өтті. Шымкенттік сұлу жүздеген марафоншылар арасынан дара шығып, чемпионы атануы осы күнге дейін төккен тердің нәтижесі дейді.