Жамбыл жаңалықтар

Таразда Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай жас ақындар айтысы өтті

Сөз барымтаға 8 айтыскер қатысты

Таразда Ақын, сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған «Анамның тілі – қуатым менің» атты облыстық жас ақындар  айтысы өтті, деп хабарлайды  Jambylinfo.kz

«Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мұрындық болуымен Шона Смаханұлының шығармалары арқылы өлке тарихын, айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттау мақсатында Ы.Дүкенұлы атындағы «Мәдениет» үйінде облыстық жас ақындар  айтысы ұйымдастырылды. Айтысқа Тараз қаласы және Жамбыл облысының аудандарынан келген 8 айтыскер оқушылар қатысты. Айтыс жұптары жас ерекшеліктерін мен тәжірибелерін ескере отырып, құрылды.

Айтыс барысында қазылар алқасы айтыскерлердің орындаушылық шеберліктеріне, сахна мәдениетіне, тіл байлығына, тақырыпты дұрыс аша білуіне және қарсыласқа жауап беру шеберліктеріне қарай бағалады.

Қазылар алқаларының шешімі бойынша финалға оза жапқан 2 жұп іріктеліп, республикалық «Қола домбыра» айтысына жолдама алу үшін тартысты. Осылайша қара қалды қақ жарған қазылардың шешімімен бас жүлде Инжу Жаңабайға берілді. Ал, екінші орын Боранбай Нұрайымға бұйырса, екінші орынға  Александр Жомарт жайғасты. Сонымен қатар  Қамбар Жанерке үшінші орынды еншіледі.