Таразда студенттік құрылыс жасағы құрылады
Бастама ЖОО студенттерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, еңбекке бейім жастарды қалыптастыруды көздейді
Биыл Таразда «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында студенттік құрылыс жасағы құрылмақ. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Ауыл» партиясы облыстық филиалы тарапынан қолға алынған бастама жаз айларында ЖОО студенттерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, еңбекке бейім жастарды қалыптастыруды көздейді.
Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша жан-жақты талқылаулар жүргізілуде. Осы орайда арнайы штаб отырысы өткізіліп, жиында өңіріміздегі іргелі үш оқу орын басшылары мен «Авангард» ЖШС және «Ариас Строй Проект» ЖШС секілді мердігерлермен жобаны тиімді іске асыру барысы сарапқа салынды.
Жиында студенттік жасақтардың құрамын нақтылау, олардың біліктілігін арттыру, бір мезгіл ыстық тамақпен қамту, жалақы мен жатын орын мәселелері айтылды.
Осыған сәйкес, жаз айларында құрылатын жасақ студенттерін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті базасында қысқа мерзімді біліктілік курстарынан өткізу жоспарланып отыр. Жатын орынмен қамту мәселесі де жолға қойылған.
Басқосуда жастарды толыққанды қолдаудың маңызы зор екенін айтқан Серік Сәлемов тараптардың ұсыныс-пікірілерін тыңдады. Сондай-ақ жауаптыларға жұмысшы қауіпсіздігін сақтау, еңбек шартын даярлау, жұмысшы күшін қабылдауға әзір мердігерлер қатарын арттыру бойынша нақты міндеттемелер жүктеді.