Тараздағы ірі сауда орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Былтыр бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерінде 2 461 жұмыс беруші мекеме қатысып, 7 993 бос жұмыс орындары ұсынылған
Облыс әкімдігінің ақпараттық және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Скиф Трейд» сауда орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізіліп отырған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне «Сәуле» кондитерлік зауыты, «FIRKAN», «Тәтті себет» сауда дүкендері мен «Qazaq oil», «Helios» жауапкершілігі жектеулі серіктестігі, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі секілді 72 жұмыс беруші мекемеден, 136 бос жұмыс орындары ұсынылды.
Жәрмеңкеге келушілерге Тараз қаласы бойынша «Мансап орталық» филиалының мамандар Әлеуметтік Кодексіне және Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес кеңестер берді. Мамандар жастарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен таныстырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар турасында хабардар етті.
Жәрмеңкеге қызығушылық танытқан жастар, ұсынылған мүмкіндіктен шет қалмады. Тіпті мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараға келіп, баласына лайықты қызмет іздеген ата-аналар да болды. Мұнда келушілердің арасында студент жастар да аз болмады. Солардың бірі – Сағынбай Нұртілеу. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 4 курста білім алатын жігіт «Мансап» орталығы мамандарынан бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуда қандай бағдарламалары барын сұрап-білді.
Жәрмеңке қортындысымен қаладағы 30-40-қа жуық жас жұмысқа орналасуға ұсынып алып, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы мамандарының баспаналы болудың оңай жолдары, депозит ашу бойынша кеңесіне қанықты.