Тараздағы ірі сауда орындарында тексерілмеген ет сатылып келген
Прокуратура Тараз қаласының ірі үш азық-түлік базарында қой еті мен сүт өнімдеріне міндетті зертханалық зерттеулер жүргізілмегенін анықтады, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Жамбылда прокуратура жүргізген тексеру кезінде ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу, қауіпті ауру ошақтарының алдын алу, оларды жою шаралары жүргізілмегені, сонымен қатар, басқа да заң бұзу фактілері анықталды.
Соңғы 3 жылда облыста эпизоотиялық жағдайды жақсартуға 6,8 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, сібір жарасына қатысты жағдай қанағаттанарлықсыз болып қалып отыр. Вакцинацияланған жануарлар мен нақты мал басы туралы мәліметтердің сәйкес келмеу фактілері барлық жерде бар екен.
Бұдан бөлек, Жуалы ауданында бес жүз бас лейкозбен жаппай сырқаттану фактісі бойынша карантиндік шаралар енгізілмеген. Сонымен қатар, ет тасымалдауда, мал шаруашылығы өнімдерін сою және қайта өңдеу цехтарының қызметіне анықтама беру кезінде көптеген бұрыс әрекеттердің беті ашылды.