Жамбыл жаңалықтар

"Биыл13 спорт нысаны ел игілігіне беріледі": Жамбылдағы спорт саласының мәселелері облыстық мәслихаттың сессиясында талқыланды

Сессияда дене шынықтыру және спорт, білім, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары баяндама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Бұл жолы халық қалаулылары белсенді. Аудан әкімдеріне жергілікті жұрттың мәселелерін жеткізді. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Облыста спорт саласына көңіл бөлмейтін аудандар бар. Тіпті олар соңғы 3 жылдың ішінде құрал-жабдыққа қаржы қарастырмаған. Ал, Тараз қаласындағы мектептер бір реттік допты қымбат баға сатып алған. Салдарынан сапасыз бұйым тез бүлініп, олқылықтың орнын қарапайым ұстаздар қалтасынан қаржы шығарып толтырып жүр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың 10-шы сессиясында айтылды. 


Сессияда мәслихаттың экономика, бюджет, салық, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Фарида Жүнісова биыл облыста жасалған зерделеу жұмыстарының нәтижесін айтты. Ол өз сөзінде бірқатар мәселеге назар аудартты. Мәселен, облыста спорт залы жоқ, болған күннің өзінде жөндеу көрмеген жүдеу мектептер орналасқан аудандарды атады. Ал, облыс орталығында дене шынықтыру сабағының мұғалімдері басшылардың берекесіз тірлігінен қажетті құрал-жабдықтарын өздері сатып алып жүр. Осылай деген Фарида Жүнісова спорт саласындағы жөндеу көрмеген ғимараттардың қазіргі жағдайын айтып өтті. 


Сонымен қатар, дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты кейбір спорттық мекемелер жылдар бойы заманауи жабдықтарға қолы жетпей келеді. Жауаптылар да бұл мәселеде құлықсыздық танытатын көрінеді. Комиссия төрайымы қазір аталған мекемелерді 160 компьютер жиынтығымен қамтамасыз етуге 63 миллион теңге керектігін айтты. Сондай-ақ тағы бір мәселе - облыстағы жастар арасында қысқы спорт түріне қызығушылық танытатындар аз. 


Ал, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдасбековтің айтуынша, биыл Талас, Жуалы аудандарында екі спорт кешенінің құрылысы басталады. Сонымен қатар, 13 спорт нысаны ел игілігіне беріледі. Осылайша облыс тұрғындарының спорттық инфроқұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 64,9 пайызға жетеді.