Таразда жаңа перинаталдық орталық салынады
Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді
Жамбыл облысында ана мен бала денсаулығын қорғау саласын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды жоба қолға алынды. 150 төсек-орынға арналған заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы 2027–2029 жылдары жүзеге асырылмақ.
Нысан Тараз қаласындағы Асқаров көшесінің соңында орналасады. Құрылыс үшін 5,76 гектар жер телімі бөлінді. 2026 жылы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталады.
Жаңа орталық жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған сәбилерге жоғары технологиялық көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұнда неонатология, реанимация, перзентхана бөлімдері және консультациялық-диагностикалық қызметтер жұмыс істейтін болады.
Жобаның жүзеге асуы өңірде перинаталдық көмектің сапасын арттырып, ана мен бала өлім-жітімін азайтуға мүмкіндік береді.