Жамбыл жаңалықтар

Тараздан табылған ағайынды «маугли» адамдарға қатысты тың мәлімет шықты

Олардың біреуі кезінде шіркеуге барған соң есінен адасқан

Күні кеше әлеуметтік желіде отыз жыл құжатсыз өмір сүрген ағайынды екі жігіт туралы ақпарат тарады. Бүгін jambylinfo.kz тілшісі оларды іздеп барып, еріктілер арнайы мекемеге әкетпей тұрып, оларды көріп қалды.

Ағайынды жігіттер қоршаған ортадан жырақ өмір сүріп, тіпті өз үйінің ішіне дәрет сындырып жүре беретін хәлге жеткен. Жуынуды, шаш тарауды, айнаға қарауды мүлде ұмытқан.

Кеңірдегіңді ашытып, жанарыңа жас үйіріп жіберердей уыты бар иіске қарамай, қабырғасы қара бояуға айналған үйге бас сұқтық.  Шашылып жатқан киімдердің үстінде ұйықтап жатқан марғауды Ваня қолына алып, аялай сипады. Еңгезердей екі ер адам қоршаған ортамен араласуды ұмытқанымен, мейірімнің не екенін ұмытпаған сыңайлы. Себебі еріктілер сөзден қалған Сашаны айналып-толғанып еркелете қалса, езу тартып жымияды. Ваняны да «Жарайсың» деп арқасынан қаққанымыз сол, алдымызда құрақ ұшып жүгіріп жүр.

Еріктілер екі ер адамды арнайы мекемеге алып барып, оларды тазалап, аналары шыққан соң ақыл-есі кем Сашаға жәрдемақы тағайындауға көмектеспек.