Тараздық 5 179 отбасыға көмек берілді
Тараздық 5 179 отбасыға көмек берілді
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен жуырда өткізген кездесу барысында әлемдік пандемия кезінде 50 мың теңгеден алмаған тұрғындарға тағы бір мәрте 50 мың теңгеден беру бастамасын көтерген болатын. Осыған орай Birgemiz қорынан берілетін бір реттік әлеуметтік көмекке 5179 тараздық қол жеткізді.
Көмек 7 санат бойынша жергілікті атқарушы органның тізіміне сәйкес берілді. Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жанұялар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұл жетім балалар мен асыраушысының бірінен айрылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектер және соларға теңестірілгендер, сондай-ақ тыл еңбеккерлері бар.
Айта кету керек, Birgemiz қоғамдық қоры Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Ал Жамбыл облысында Birgemiz-Jambyl oblysy қоғамдық қоры жұмыс істеуде. Қор тарапынан бұған дейін әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын 33 мыңнан астам тұрғынға материалдық көмек көрсетілген болатын.