ТИГУ-дегі тың тірлік
ТИГУ-дегі тың тірлік
Жыл өткен сайын білім беру жүйесі түрлі жаңалықтармен толығып, жаһандану дәуіріне қарышты қадам жасауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та оқу орындары барынша бәсекелестік ортаға лайықталып, материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігін ұдайы айтып келеді. Осы орайда ҚР Президенті жүктеген жауапкершілік жүгін жіті сезінген Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жаңа оқу жылын жағымды жаңалықтармен, тың идеялармен бастап отыр.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Тараз институты жабылғаннан кейін оқу орнының оқытушылар құрамының негізгі бөлігі ТИГУ-ға өтті. Міне содан бергі уақыт аралығында университет адам танымастай өзгеріп отыр. Ең алдымен білім ордасы инфрақұрылымды жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарға сәйкестендірсе, одан кейін бірнеше нысан мен ғылыми-зерттеу орталықтарын ашты. Осылайша кезең-кезеңімен жаңғырған білім ордасы қазір бәсекелестік ортада ешқандай ЖОО-дан кем түспей отыр. Университет қазір жылына шамамен 1000-1500 маман дайындайды. Тарихы терең болмаса да тағылымы ерен білім ордасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе құрған рейтингте жоғарғы орында тұр. Сондай-ақ білім сапасын бағалайтын тәуелсіз орталықтың рейтингінде еліміздегі 60 көпбейінді жоғары оқу орнының ішінде 18-орынға, жекеменшік оқу орындарының арасында 6-7-сатыға жайғасқан. Ал түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 70-80 пайызды құрауда. Мұнда бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Көкшетау мемлекеттік университетінің және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің білікті мамандары жұмыс жасауда. Мамандардың барлығы тұрмыстық жағдайын түзеу мақсатында қызметтік пәтермен қамтамасыз етілген. Егер оқытушы 5 жыл университетте үздіксіз еңбек ететін болса, қызметтік пәтерді өзінің жекеменшігіне аударып ала алады. Университетте қазір мұндай 30-ға жуық оқытушы бар. Оның ішінде биыл бесінші жыл корей және ағылшын тілдерінен тәлім беріп жатқан Оңтүстік Корея мемлекетінен келген мамандар да жүр. Қытайдан шақыртылған ұстаздар да аз емес. Кейбірінің ТИГУ-да жұмыс істеп жатқанына 8 жыл болған. Оқу орнында студенттерге үлкен әлеуметтік пакет әзірленген. Біріншісі университетке өзге өңірлерден білім алуға келген тұл жетімдерге тегін білім алуға жағдай жасалған. І және ІІ топтағы мүгедектерге де тегін білім беріледі. Сол секілді спортта, өнерде республикалық деңгейде жеңіске жеткендерге ректор гранты қарастырылған. Одан бөлек көпбалалы отбасынан шыққан, Ауған соғысы ардагерлерінің, Чернобыль апатының зардабын шеккендердің, ата-анасының бірінен айырылған балаларға да әртүрлі мөлшерде жеңілдіктер белгіленген. Бір сөзбен айтқанда, білім ордасында әлеуметтік пакетке жылына 35-40 миллион теңге жұмсалады. Міне осылайша жаңғыру жолына түскен оқу орны жаңа оқу жылын да жағымды жаңалықтармен бастап отыр. – Мен негізі білім саласында қызмет етуді мектеп кезінен армандағанмын. Осы мақсатқа жету жолында білімімді шыңдап, шетелдік оқу орындарынан да тәжірибе жинақтадым. Өзімнің біліктілігіммен ғылыми дәрежемді көтердім. Алайда аудитория оқытушысы немесе жеке оқшауланған ғалым ретінде қалып қоймай, жоғары оқу орнында білім беруді ұйымдастыру бағытына бет бұрдым. Нәтижесінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін құрдық. Бұл жетістігімізге тоқмейілсімей, оқу орнының қабырғасынан колледж де аштық. Енді биыл 1000 орындық «Интеллект» деген атаумен жекеменшік мектеп салуды жөн санап отырмыз. Одан кейін ТИГУ-дың балабақшасының кірпішін қалаймыз. Осылайша біз баланы жалғаспалы түрде үздіксіз өзіміз тәрбиелесек деген ниеттеміз. ТИГУ балабақшасында тәрбиеленген баланы өзіміздің мектепке алып келеміз, одан кейін колледжге түсіріп, университетте білімін шыңдаймыз. Сөйтіп білім берудің сабақтастық жүйесімен өскен маман агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты, ветеринария және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы сынды өзіміз құрған өндіріс орындарында еңбек ететін болады. Бір сөзбен айтқанда, біз үлкен ғылыми-өндірістік корпорацияға жан бітіріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмысқа биыл Қордай ауданында кірпіші қаланып жатқан колледжінің де өз септігін тигізетіні анық, – дейді ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов.
Иә, оқу орнының бүгінгі бастамасы баянды болашаққа бастаған жол екені даусыз. Себебі баланы балабақшадан бастап бір жүйемен тәрбиелеп, үлкен өмірге аттандыру қос қолдап қолдауға тұрарлық. Ол үшін ТИГУ өз базасында барлық қажеттіні жасамақ. Білім саласындағы жаңаша жаңғыру деген сөзсіз – осы.
Саян Тілеужан