Өткен жылы Қаратау қаласының жергілікті бюджетіне қанша қаржы түсті
Бұл туралы Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов мәлімдеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов шаһардың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қала әкімінің айтуынша, өнеркәсіп орындарының көбеюі бюджет кірісінің артуына оң әсер еткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала бюджетінің кірісі 246,1 миллион теңгені құрап, бұл қаражат негізінен инфрақұрылымды дамыту мен әлеуметтік саланы қолдауға бағытталған.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеде Қаратау қаласының халқы 28 309 адамды құраған. Оның ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны 16 189 адамға жетіп, жалпы халықтың 56,8 пайызын қамтып отыр. Экономикалық белсенді азаматтардың 14 181-і жалдамалы жұмысшы болса, 1 668 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ал 340 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында қалада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала көшелерін жөндеу, жарықтандыру, газ және ауызсу жүйелерін жаңғырту мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бүгінде қала көшелерінің басым бөлігі асфальтталып, тұрғын үйлердің аулалары толық жарықтандырылған. Табиғи газбен қамту деңгейі 91 пайыздан асып, ауызсу мәселесі толығымен шешілген. Сонымен қатар, жылу желілерін жаңғыртуға өткен жылы 211,7 миллион теңге бөлініп, ескі құбырларды ауыстыру жұмыстары толық аяқталған.
Тұрғын үй саласында да оң нәтижелер байқалады. Өткен жылы 5 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 372 пәтер берілген. Биыл тағы 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 225 адам жаңа баспанаға қол жеткізбек.
Әлеуметтік салада жұмыспен қамту көрсеткіші жоспардан асыра орындалған. Мансап орталығы арқылы 1 724 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 79 тұрғын қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсібін ашқан.
Сондай-ақ спорт пен мәдениет салаларына да ерекше көңіл бөлінуде.
Өткен жылы қалада 125-ке жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 8 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Бұдан бөлек, балалар ойын алаңшалары орнатылып, жасыл желектерді көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Жалпы, Қаратау қаласында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.