Жамбыл жаңалықтар

Вакцина салдырғандар індетті жеңіл өткеруде

Вакцина салдырғандар індетті жеңіл өткеруде

Коронавирустың алдын алу әлі де өзекті мәселе. Аймақ басшысының төрағалығымен коронавирустың алдын алу жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, Тараз қаласы мен Талас, Шу, Қордай аудандары «қызыл» аймақта, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов, Байзақ және Мойынқұм аудандары «жасыл» аймақта тұр. Ауруханаларда 3 584 инфекциялық төсек қоры, оның ішінде 416 реанимациялық төсек қоры,  170 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс істеп тұр. Дерек бойынша, инфекциялық стационарларда - 2265, реанимацияда - 183 науқас ем қабылдауда. Облыс бойынша жыл басында 582 мың адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 318 331 адам екпе алып, жоспар 54,7 пайызға орындалған. Басқарма басшысы қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті екендігін айтты. «Бәрі ойдағыдай болса, біз неге республикалық көрсеткіш бойынша 12-13 орындарда тұрмыз? Мынау көрші Түркістан облысында вакцина алудың бірінші компоненті 71,2 және екінші компоненті 57,7 пайызға орындалған. Ал біздің мұндай көрсеткішке жетуімізге не кедергі?», - деді облыс әкімі. Басқарма басшысы «қызыл» аймақтағылармен жұмысты күшейтіп жатқандығын айтып ақталды. Штаб отырысына онлайн қосылған Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев шаһар бойынша ауруханаға түсушілер саны азая бастағандығын мейрамханалардағы тойлардың тоқтағандығымен байланыстырды. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мадиев вакцина салдырған тұрғындардың  індетті жеңіл өткеріп жатқандығын, ал жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың барлығы екпе алмағандар екенін ашық айтты. «Адамдардың өмірі бәрінен қымбат. Барлық аудан әкімдігінің өкілдері ауылдық округтерге шығып, екпе бойынша түсіндіру жұмыстарын арттыра түсулері қажет», - деді аймақ басшысы. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты тұлғаларға оттегінің және қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті болуын қамтамасыз етуді, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцина жұмыстарын жеделдетуді, қоғамдық орындарда дезинфекция шараларын жандандыруды жүктеді.